Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған, кездесу кешіне Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенттері де қатысты.
Кештің құрметті қонағы: Ақын, ұстаз, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Әлішер Науаи атындағы және «Тұран Биримдиги» медальдерінің иегері, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі — Қуаныш Талап Таймасұлы.
Кеш барысында қатысушылар поэзия мен прозаның өзара байланысы, рухани мұраның ұрпаққа берер тағылымы жөнінде пікір алмасты. Қонақ Қуаныш Талап Таймасұлы жастармен ашық сұхбат өткізіп, шығармашылық шабыт, өлең өнерінің мәні мен ақындық жолдың жауапкершілігі туралы әсерлі ойларымен бөлісті.
Бес оқу орны қатысқан шарада белгілі қаламгерлер туралы әңгімелеу тапсырылған болатын. Жетекшілер өздеріне берілген қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, ал студенттер олардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, кейбірінің әнге айналған туындыларын орындады.
Біздің университетіміздің атынан «Парасат» АББО-ң кітапханашысы Гүлсім Қадырғалиқызы мен 1 курс студенттері Махмет Замир және Айбасқызы Шынар катысты. Кеш барысында – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы Мұнайдар Балмолданың өмірі мен шығармашылығын таныстырып, өлеңдерін оқып берді. Сонымен қатар Мұнайдар Балмолдаға арнап өзінің шығарған авторлық өлеңін Махмет Замир оқыды.
«Күзгі поэзия» атты бұл шара қатысушылардың әдеби дүниетанымын кеңейтіп, рухани байлығын арттырған тағылымды кездесу болды.



